БІЗ ТУРАЛЫ

АХҚО Сотының брошюрасы

АХҚО Соты – Астана халықаралық қаржы орталығының, Қазақстан Республикасының және бүкіл Еуразия өңірінің маңызды институттарының бірі.

Сот Еуразияда алғаш рет жалпы құқық (common law) жүйесіне негізделген сот құрылымын ұсынады. АХҚО-да азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін халықаралық стандарттарға толық сәйкес қызмет атқарады. Сот АХҚО қызметі мен операцияларынан туындайтын даулар бойынша айрықша юрисдикцияға, ал тараптардың келісімімен басқа даулар бойынша да юрисдикцияға ие.

Сот Қазақстан Республикасының ұлттық сот жүйесінен тәуелсіз және бөлек қызмет етеді. Шешімдері түпкілікті саналатын Апелляциялық сот жұмыс істейді. Соттың өзінің іс жүргізу ережелері бар және олар ағылшын жалпы құқық жүйесіне, сондай-ақ әлемнің жетекші қаржы орталықтары ұстанатын стандарттарға негізделген. USD 150 000-ға дейінгі шағын талаптар бойынша істерді қарауға арналған жеделдетілген рәсім – Шағын талаптар соты бар.

Сот eJustice электрондық жүйесін пайдаланады, бұл тараптарға әлемнің кез келген нүктесінен қашықтан іс қозғауға мүмкіндік береді. Судья көзбе-көз тыңдалым қажет емес деп шешкен жағдайда, бейне тыңдалым өткізіледі. Істерді уақтылы және тиімді қарау үшін уақыт пен шығынды үнемдейтін тиімді басқару жүйесі қолданылады. Сот шешімдері Қазақстан Республикасындағы нығайтылған орындау механизмімен қамтамасыз етіледі. Сот құрамында Бас судьямен қатар он судья бар. Олардың алтауы – бірінші сатылы сот пен апелляциялық сотта істерді қарауға құзыретті, ал кейбіреулері – шағын талаптар бойынша мамандандырылған судьялар. Барлық судьялар – жалпы құқық жүйесіндегі тәуелсіздігі, бейтараптығы, адалдығы және құқық үстемдігін бұлжытпай сақтауымен әлемдік беделге ие, тәжірибелі тұлғалар.

Сот іс жүргізуді ұйымдастыру, басқару және дайындау жұмыстарымен айналысатын жоғары кәсіби әкімшілік командаға ие. Бұл жұмыс Тіркеуші және Бас атқарушы директордың жетекшілігімен атқарылады. Сотта өте кең өкілеттілік құқығы қарастырылған – әлемнің кез келген елінен кәсіби лицензиясы бар адвокаттар мен заңгерлер Сотқа тіркеліп, тараптардың өкілі бола алады.

Соттың халықаралық стандартқа сай негізгі кеңсесі Астана қаласында, қосымша кеңселері Алматыда, Еуразияның сегіз елінде және Қытайда орналасқан. Бұл елдердің барлығы – Қазақстанның маңызды сауда әріптестері. Барлық кеңселерде халықаралық деңгейдегі кездесу және конференция бөлмелері, кеңсе жабдықтары, заманауи цифрлық технологияларға қол жеткізу мүмкіндіктері бар. Соттың Астана қаласындағы кеңсесінде конференциялар, кездесулер және тыңдалымдар өткізуге арналған заманауи IT жүйелерімен жабдықталған Chambers кәсіби қолдау қызметі орналасқан. Соттың жанында Тренинг орталығы бар және ол жетекші халықаралық оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып, Қазақстан мен Еуразия өңіріндегі заңгерлер мен судьяларды оқыту арқылы істерді тиімді басқаруға ықпал етеді.

АХҚО Соты халықаралық коммерциялық дауларды шешуде Еуразиядағы таңдаулы сот ретінде жаһандық инвесторлар тарапынан мойындалды және әлемдегі ең үздік соттармен тең дәрежеде бәсекелесе отырып, 10 000-нан астам бизнес-шартта бірінші кезектегі сот ретінде көрсетілген.